В помощь педагогу.
Пятница, 26.04.2024, 18:17
Форма входа

Категории раздела
Русский язык и литература [48]
Казахский язык и литература [65]
Английский и немецкий языки [23]
Математика и геометрия [38]
География [22]
Химия [12]
Биология [19]
Физика [4]
История и обществоведение [26]
Физкультура [25]
НВП, ОБЖ [3]
Самопознание [12]
Технология [17]
Начальная школа [77]
Дошколёнок [28]
Школьный психолог [18]
Уроки музыки [20]
Компьютеры и информатика [15]
Классному руководителю [17]
Директору и завучам [1]
Школьная библиотека [2]
Регистрация
Полезные сайты
  • Сайт "Учительский мир"
  • Мини-чат
    300
    рек
    Статистика

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0
    Наш опрос
    Оцените мой сайт
    Всего ответов: 79
    Опрос
    Кто посещает наш сайт?
    Всего ответов: 227
    Часы
    Block title
    $MYINF_990
    вам
    Курс валют
    Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
    Погода
    Астана
    Время жизни сайта
    Поиск
    Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz


  • Приветствую Вас Гость | RSS
    Каталог статей
    Главная » Статьи » Предметы и уроки » Уроки музыки

    КҮЙДІҢ АЙМАҚТЫҚ ДАМУЫ
    Бимарденова Жазираш, домбыра пәнінің ұстазы
    №2 Өнер мектебі Қарағанды қ., ЮНЕСКО клубы

    КҮЙДІҢ АЙМАҚТЫҚ ДАМУЫ

    Қазақ күйшілерінің орындау мәнері аймақтық күй ұяларына байланысты дамиды. Күй әуені интонациялы саз ретінде әуелде бір түбірлі болғанмен орындаушылық мәдениеттің тезіне түскен кезде әртүрлі арнаға түседі. Қазақтың күй өнері негізінен төкпе, шертпе деп айдарланған екі машыққа бөлінеді, соған орай олардың жерге, топыраққа тартып тұратын айшықты мінездемелері де бар. Төкпе және шертпе деген анықтама күйдің тәсілді тартысына байланысты туындаған кейінгі аттар, А.Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» кітабындағы Тәттімбет жайлы зерттеуде шертпе күй деген сөз кездеспейді, мұндай атау У.Бекенов кітаптарынан кейін енген (Шертпе күй шеберлері.). Күйлердің қазіргі оқытудағы аймақтарға қарай ұялық бөліністері жеті мектепті құрайды:
    1)Алтай күйшілік ұясы, аймағы –Шығыс Қазақстан ;
    2)Арқа күйшілік ұясы, аймағы –Орталық Қазақстан ;
    3)Жетісу күйшілік ұясы, аймағы –Оңтүстік Шығыс Қазақстан;
    4)Қаратау күйшілік ұясы, аймағы –Оңтүстік Қазақстан;
    5)Жиделі Байсын күйшілік ұясы, аймағы –Сырдария, Арал өңірі;
    6)Орда күйшілік ұясы, аймағы –Батыс Қазақстан;
    7)Түбек күйшілік ұясы, аймағы -Маңғыстау.
    Күйшілік ұялардың бұлай бөлінуінің жүйесін алғаш жасаған А.Сейдімбек, оған дейін мұндай мектеби жіктеу жасалған емес. Бұл күй тарихы мен орындалу мәдениетіне дұрыс бағдар бере алатын нақты әрі дәл анықтама болды. Қазақ күйлерінің аймақтық ұяларының мұнан да басқа әлі айқындала қоймаған күйшілік мектептері бар, олардың көбісі өзінше төбелі мәнер болғанымен аз ескеріледі. Алтай күйшілік мектебінде – Тарбағайлық, Арқада – Тоқырауындық, Жаңа арқалық, Жетісуда – Таластық, Қаратауда –Күнгейлік, Жиделібайсында – Аралдық, Ордада – Оралдық, Түбекте –Үстірттік (Түркіменше шалу мәнері) мектептер қалыптасқан, және олар жеке күйшілік ұя болуға әбден ылайықты. Бұлардан өзге Іле, Шығыс Түркістан мен Байөлке жеріндегі күйшілік те өзінше төрге шығуға тұрарлық мәнерлі мектептер. Осы мектеп өкілдері – Аққыз, Тоқа, Байсерке, Үсен төре, Мәмен, Әренжан, Есір сияқты күйшілер орындаушылықтың шыңына шығып, артына із қалдырған домбырашылар. Бұл мектептер тәжірибеде орындаушылығы бөлек домбырашылық өнер болып бағаланғанымен жоғарыдағы мектептердің атына жалпылама телініп жүр. Осыларды қомақтай айтқанда қазақтың күйшілік ұяларының жалпы саны он сегіз болар еді:
    Алтай, Тарбағатай, Арқа, Жаңа арқа, Тоқырауын, Жетісу, Талас, Қаратау, Қаратаудың күнгейі, Жиделібайсын, Арал, Орда, Орал, Түбек, Үстірт, Іле, Шығыс Түркістан, Байөлке.
    Күйшілік ұялардан басқа үлгілік мектептер де бар. Әрбір күйшілік ұяның басында сол саладағы орындау мәнерін жасаған тұлғалар бар. Байжігіт, Тәттімбет, Қожеке, Сүгір, Қазанғап, Құрманғазы, Абыл сияқты күйшілер өз мектебінің іргетасын қалағандар және шығармашылығы ерен жасампаз (реформатор) сазгерлер. Олардың үлгілерін ары қарай дамытқан замандық күйшілеріміз солардың шәкірттерінің қолынан күй алғандар, әрі сол күйлерді тарту барысында өз орындаушылық мектептерін де қалыптастырған домбырашылар. Осы күні Ә.Хасенов, М.Хамзин, Н.Тілендиев, Ж.Қаламбаев, Т.Момбеков, С.Балмағамбетов, Б.Басығараев, Қ.Жантілеуов, Р.Ғабдиев, С.Шәкіратов сияқты күйшілердің орындаушылық мәнерлері де өз кезегінде жалғасын тауып, жеке мектеп болып қалыптасқан үрдіс саналады.
    Қазақ күйлерінің шығуы, құрылымы мен тегі бір. Алайда, аймақтық мектептерге бөлініп, жеке орындаушылық үлгілердің өз алдына отау тігетін заңдылығы және бар, бұл үрдіс күй табиғатын тануға әсте бөгет болмайды, керісінше, аспаптық музыкамыздың байлығы мен кемелдігін айшықтайды. Аймақтық факторларды ескергеннің өзінде, күйдің шертпе, төкпе деп бөлінуін тек қана тарту техникасының өзгешелігімен түсіндірген абзал. Күйлердің әуелде бір сарынды болып (көне күйлер, аңыз күйлер) кейіннен әрқалай мақамда дамуы – кезеңдену процессіне байланысты.
    Қазақ даласының шығыс аймағына кең тарап, ғасырлар бойы дамыған күйдің ұлы арнасы - шертпе, күй атасы – Кетбұғыдан басталып Байжігітке, одан Тәттімбет пен Бежеңе (Бейсенбі) ауысқан шертпе өнері ұлттық музыка мәдениетінің классикалық мұрасы болып табылады.
    ШЕРТПЕ КҮЙДІҢ АЙМАҚТЫҚ ҰЯЛАРЫ
    Қазақтың күйшілік өнерінің үлкен екі арнасы – төкпе және шертпе болып бөлінетінін жоғарыда айтып кеттік. Біздің әңгімеміздің өзегі осы арнаның бірегей түрі - шертпе күй туралы болмақ.
    Шертпе күй - аты айтып тұрғандай шертіліп тартылатын күй, мұндағы сөздің түбірі - «шерту» етістігі, музыкалық сөздікке кейіннен енген атау (ертеде күйді бөле атау үрдісі жанрлық ерекшелігіне байланысты болған, мысалы – жыр күйлер, би күйлер, ойын күйлер т.б.). Кейбір зерттеулердегі «шер» сөзінен шыққан, іштегі шерді қозғайтын күй деген анықтаманың көңілге қонуы қиын, төкпе болсын, шертпе болсын, қазақта шер қозғамайтын күй бар ма?
    Қысқасы, шертпе - тарту техникасы көбінесе бір ішекті саумалай шерту әдісіне құралған күйлер. Мінезіне келсек – жалпы ұлтық күйшілік дәстүрге ортақ қарекеттің барлық белгілері бар, біржақты «жуас» деу жаңсақ ұғым, себебі – шертпе мектебінен шыққан екпіні төкпеге барабар әбжіл күйлер толып жатыр (мысал үшін - «Салкүрең», «Дайрабай», «Ыңғай төкпе», «Көкбалақ» т.б.). Сондықтан, шертпе күйдің табиғатын танудың бір амалы – аймақтық мектептерін анықтау.
    Қазақтың тамаша күйшілік мектептерін орнықтырып кеткен ұлы күйшілердің шығармашылығын барлағанда - әуені мен тартысына қарап қай өлкенің тумасы екенін анықтауға әбден болады, өйткені, ғасырлар бойы қалыптасқан белгілі бір сарындар тобы сол топырақтың ғана меншікті мақамына айналып кеткен, күй қай аймақта, қай уақытта туса да қазақтың құлағы оны жазбай танитыны содан. Әрбір аймақтың тілінде, киімінде, қолөнері мен тұтынатын заттарында сол жерді мекендеген елдің қауымдық ерекшелігіне тән айырмашылықтар болатынын этнографтар да жоққа шығармайды, алайда, бұл факторлардың ұлт мұрасының тұтастығына нұқсаны жоқ, керісінше, мәдениетіміздің байлығы мен байтақтығы болып саналады.
    Қазақ тарихын түркі заманынан бастап зерттеген орыс ғұламасы – Л.Н.Гумилев шығыс өркениетінің Алтай жерінен бастау алғанын жазады, қазіргі кезеңге дейін жетіп отырған алтайлық әндер мен күйлерді тыңдағанда олардың көне түркілік сазға құрылғанын аңғару оңай. Музыкатанушы-ғалым П.Шегебаев бұл мектеп туралы мынадай пікір айтады: «...Шығыс аймақта дамыған аспаптық үлгі қазақ музыка мәдениетіндегі ерекше құбылыс. Мұны тарихи тағдыры бір түркі-мұңғұл халықтарынан қалған мәдениет деп тануға әбден болады. Аспаптық шығармаларының обертонға бай, тембрлік бояуларының қою (қоңыр) болатыны соның әсерінен». (Шығысқазақстандық аспаптық музыканың стильдік ерекшеліктері. Мақала. Музыкальное искусство: Наука и образование. Ғылыми еңбектер жинағы, Астана-2004.) Шертпе өнерінің белді өкілі - Байжігіттің күйлерінен тек Шығыс өлке емес қазақтың барлық күй мектептеріне ортақ қайырымдарды кездестіруге болады. Айтпағымыз, қазіргі шертпе күй мектептерінің қалыптасуының басы - қасиетті Алтай жерінен бастау алады деген тұжырым.
    Қазақтың шертпе күйлерінің аймақтық ұяларын былайша тарқатуға болады:
    1.Шығыс Қазақстандық (Алтай-Тарбағатай) күйшілік мектеп;
    2.Арқа күйшілік мектебі;
    3.Жетісу күйшілік мектебі;
    4.Қаратау күйшілік мектебі.
    Жеке тұлғалардың орындаушылық мектептері:
    1.Байжігіт мектебі;
    2.Тәттімбет мектебі;
    3.Қожеке мектебі;
    4.Сүгір мектебі;
    Өнерде ерекше ізі қалған күйшілердің мәнерлік мектептері:
    1.Әбікен мектебі;
    2.Жаппас мектебі;
    3.Мағауия мектебі;
    4.Төлеген мектебі;
    5.Нұрғиса мектебі;
    6.Уәли мектебі.
    Әлбетте, осы аттары аталған күйшілердің тартыс үлгілері қазақ музыкасының алтын қорында сақтаулы, сондықтан кейінгі орындаушылардың шертпелік өнерде бірден-бір бағыт алар бағдары болып отыр. Оның үстіне осы үлгілерге еліктеп өскен бір қауым күйшілер буыны өсіп жетілді.
    Қазіргі уақытта шертпе дәстүрін дамытып, аймақтық күйшілік мектептердің салтын сақтап жүрген домбырашылардан – Боранқұл Қошмағамбетов (марқұм), Мұхаметжан Тілеуханов, Таласбек Әсемқұлов, Дәулетбек Садуақасов, Білал Ысқақов, Секен Тұрысбеков, Рымхан Әбілханов, Базарәлі Мүптекеев, Саян Ақмолда, Сәрсенғали Жүзбаев, Мұрат Әбуғазин, Қайрат Айтбаев, Арман Қадырбектердің есімдерін атауға болады.
    Шертпе күй туралы арнайы кітаптар жазып, ғылыми зерттеу жүргізген ғалымдарымыз – А.Жұбанов, У.Бекенов, М.Айтқалиев, А.Сейдімбек, Ә.Мұхамбетова, П.Шегебаев, Р.Малдыбаева, Т.Әсемқұлов.
    Шертпе күйшілердің өмірі жайлы әдеби деректер қалдырған жазушыларымыз – Т.Әлімқұлов, С.Бегалин, М.Мағауин, Ж.Алтайбаев, К.Салықов, І.Жақанов, Т.Әсемқұлов, К.Жүнісов, Ө.Кәріпұлы, Я.Амандықовтар.
    ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ
    Қазақ күйлерінің архаикалық (байырғы) түрлері Алтай-Тарбағатай жерінде мейлінше мол сақталған. Күйлердің орындалу машығы көнеден келе жатқан дәстүр екендігін айғақтайды, шығыс сарындарын тыңдаған жан оның барша түркі-мұңғұл (ғұндар деген ұғымда. Ж.Ж.) нәсіліне ортақ әуен екендігін бағамдай алады. Күйлердің аттары тотемдік наным-сенімдерге құрылған, мысалы, «Самұрық», «Ақсақ марал», «Боз інген», «Бұлғын мен Сусар», «Ағаш ат», «Жорға аю», тағы басқалар. Алтай күйлерінің өзге мектептерден ерекшелігінің бірден-бір белгісі - олардың әуелден домбыра, шертер, сыбызғы, шаңқобыз, жетіген аспаптарына ортақ саз ретінде туғандығы (музыкатанушы П.Шегебаевтың пікірі). Сондықтан, домбыра күйлері осы аспаптардағы бояулар арқылы аса байытылғаны айдан анық көрініп тұрады. Қыпшақ-Оғыз заманынан қалған көмекей ғырыл (бурдон) дыбысты аспапта сақтай отырып күй толғау қазақ жерінде тек шығыста ғана сақталған, (көмекеймен жыр айту үрдісі Сыр өңірінде жақсы дамыған десек те, ол жердің аспаптық шығармаларында бурдондық тәсіл қолдану жоқ) ол тек сыбызғыда емес, домбыра күйлерінде де кең қолданылады, әсіресе теріс бұраудағы шертісте көп.
    Күйлердің құрылысы қайырмалы ән формасымен өрілген, сағаны қуып дамыту, тондық тұғырды (тональность) ауыстыру, ладты өзгерту мүлде жоқтың қасы. Кез келген алтайлық шығарма тұтастай екі немесе үш рет қайталанып орындалады, финалында бастапқы тақырып еміс еске түсіріле шолақ қайырылып аяқталады.
    Күй мінезі асқақ, соған сәйкес ырғақтары да біркелкі – жүрдек, қайғылы күйлердің өзінде мажордағы салтанат тәкәппарланып тұратыны бізден басқа ұлттың ұғымына түсініксіз де шығар («Аңшының зары», «Бөкен жарғақ» т.б.). Шығысқазақстандық күйшілік мектептің тағы бір қыры - жоғарыда айтылған тотемдік нанымнан туған күйлер орындалғанда домбырашы белгілі бір аңның немесе жануардың мінез-құлығын аспапта суреттеуге ұмтыла қоймайтыны, керісінше, тақырыптағы мақұлық пен күйшінің ортасында құпия тілдесу (диолог) үрдісі пайда болады, нәтижесінде - біз бейнелеуден бөтен, тұтас екеуара сұхбатқа құрылған жораның (ритуал) куәсі боламыз.
    Шертпе күйлердің ішінде орындалуы, техникалық жағынан меңгерілуі ауыры - осы мектеп, себебі, мұнда ілме қағыс, терме (шектерді термелеу) қағыс, сол қолда кездесетін тайғанақ әдіс, ысырма әдістерді айтпағанның өзінде күйдің аңыздық, программалық ізі дәстүрлі методиканың дәрістерін керек етеді. Шығыс Қазақстаннан шыққан дәстүрлі күйшілер – Байжігіт, Бейсембі, Жүнісбай Стамбайұлы, Шақабай Шалап батыр, Сақбике, Терістаңбалы Мүкей, Раздық, Шотайбай, Масығұт, Бейісбай, Әшім, Бағаналы Саятөлекұлы, Ғабдылхақ Барлықов, Таласбек Әсемқұлов, Жарқын Шәкәрімов, Білал Ысқақов, Тұрсынғазы Баяқов, Қазен Әбуғазин, Қабікей Ақмерұлы.
    Қазіргі кезде бұл мектептің ізін жалғастырып жүрген азаматтар ретінде - Секен Тұрысбеков, Мұрат Әбуғазин, Мұқаш Таңғыт, Еркін Ерген, Ертай Барлықов, Әсет Дәненов, Анар Кітапова сияқты дарынды күйшілерді атай аламыз.
    Шығыс күйшілік мектебін алғаш зерттеген - Уәли Бекенов. Ол «Күй табиғаты», «Шертпе күй шеберлері» атты кітаптар жазып шығыстық күй мектебінің ерекшеліктерін ашып көрсетті. Осындай абыройлы еңбек - жазушы Мұхтар Мағауинге де тиесілі. Ол Байжігіт мұрасын ұлттық қазынамыз ретінде алғаш таныған, күйлерінің жарық көруіне көп септігі тиген адам. Шығыс күйшілігіне арнайы ғылыми талдау жасаған – музыкатанушы Пернебек Шегебаев. Оның мақалаларында домбыра күйлерімен қатар сыбызғы күйлері де тарихи дамуы мен құрылымы жағынан жан - жақты зерттелген. Шығыс Қазақстандық күй мектебі туралы этнограф ғалым - Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақтың күй өнері» монографиясында қазіргі кәсіби күйшілікке әдістемелік бағдар бере алатын терең талдаулар жазды.
    Қазіргі кәсіби оқыту тәжірибесінде шығыс күйлері сирек орындалады, бұл оның әлі тыңғылықты зерттеуді керек ететінін көрсетеді, күйлер ішінара (У.Бекенов, Б.Ысқақов, М.Әбуғазин) нотаға түсірілгенмен орындаушылық мәдениетінің ашылуы толық тізгін бере қойған жоқ. Нағыз орындаушылар өз дәуірінде өнерлерін елге ұсынып, тұзы таусылған соң бірінің артынан бірі кетіп жатыр. Олардың көнеден қалған шертпелік мектебі кейінгі ұрпаққа толық жалғасып отыр деп айту қиын.
    Алтай күйлерінің өзге мектептерден бөлектігі күйдің сыбызғы мен домбырада қатар орындалатыны. Домбырадағы күйлердің бәрі дерлік сыбызғыда тартыла береді, және ол тақырыбы жағынан да бұзыла қоймайды. Осы дәстүрдің жалғасуын бүгінде шертпе күйдің шебері - С.Тұрысбековтің «Балауса» күйінен көре аламыз. Сазгер бұл шығармасын домбыра мен сыбызғыға тел шығарған. Сыбызғы күйлерін жинақтаушы, кәсіби сыбызғы мектебінің тұңғыш ұстазы - Т.Мұқышев Байөлке күйлерінің ноталық жазбаларын кітапқа кіргізді, онда атақты Кәлек сыбызғышының күйді екі аспапта қатар тартатын шеберлігі айтылады. Бұл Алтай күй мектебінің байырғы мәдениетке жататынын көрсетеді, жалпықазақтық күйшіліктің жерұйығы – Алтай екендігінің бұлтартпас айғағы.
    АРҚА КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІ
    Арқаның күйшілік мектебі - шертпе мәдениетінің алтын қазығы деуге тұрарлық үлкен мектеп. Себебі, Арқа иісі қазақтың тарихи ортақ мекеніне айналған, үш жүздің еншісі бөлінбегенін айғақтап тұрған қасиетті Ұлытау да осында. Домбырасымен «Ақсақ құланды» толғаған күй атасы - Кетбұғы өмір кешкен Жошы ұлысы да Арқа өңірінде дәурендегені шежіреден аян. Нелер балбармақ домбырашылар өмір кешкен Сарыарқа жерінде күй дегенде алдымен аузымызға абыз Кетбұғыдан бөлек керей батыры–Байжігіт, арғынның аты аңызға айналған ақылманы – Тәттімбет сері түседі. Осылардың ішінде Арқа мектебінің басында тұрған тұлға сөз жоқ, Тәттімбет екені даусыз.
    Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1862) өз заманында теңдесі жоқ өнерпаз болды, ғұмыры келте болса да артына мол мұра қалдырды. Ең маңыздысы – жасампаз мектептің іргетасын қалап кетті, Тәттімбетше күй шалу үрдісі осыдан кейін Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Сембек, Әбди, Итаяқ, Әбікен, Аққыз, Мағауиялар арқылы дамып, шертпенің даңқы мұқым қазаққа үлгі болды. Арқа күйлерінің музыкалық шығарма ретіндегі маңызды ерекшелігі - өзінше жеке мектеп бола тұра домбыра өнерінде дамыған барлық күйшілік дәстүрді жатсынбауы. Жағырапиялық жағынан Шығыс пен Оңтүстік, Жетісу мен Сырға аралас қонған қоңсылығы бұған септігін тигізгені ақиқат.
    Арқа күйлері де ішінара мынадай орындаушылық мектептерге бөлінеді:
    Тоқырауын орындаушылық мектебі, өкілдері – Әшімтай Қарымсақұлы, Манарбек Ержанов, Аққыз Ахметова, Сатан, Мұхсин, Мағауия Хамзин, Жақсылық Омашев, Қайрат Айтбаев.
    Ақсу-Аюлы орындаушылық мектебі, өкілдері – Итаяқ, Қыздарбек, Мақаш, Сембек, Әбди, Әбікен, Бегімсал Орымбеков, Дәулетбек Садуақасов, Орал Исатаев, Арман Қадірбек, Нұрғаным Жексенбаева.
    Жаңа арқа орындаушылық мектебі, өкілдері – Сайдалы сары Тоқа, Дайрабай, Сейфолла (Сәкеннің әкесі), Амантай Бозмағамбетұлы, Мұхит Битенов, Пазыл Тұтқабеков, Мейрам Ұлмағамбетов, Мұхаметжан Тілеуханов, Ахат Байбосынов, Алпысбай Тұрсынбеков, Жанболат Әбілдинов. Бұл аталған орындаушылық мектептердің күй шерту үлгісінде анау айтқан айырмашылық болмағанмен күйдің ішкі интонациялық даму табиғаты әртүрлі қалыпта. Бұл пікірді алғаш қозғап жүйелі зерттеу жүргізген көрнекті ғалымымыз - Ақселеу Сейдімбек.
    Арқа күйлерінің басқа шертпе мектептеріне қарағанда саздық құрылымы мен музыкалық күрделілігі жағынан анағұрлым дамығаны айқын көрініп тұрады. Алғаш арқа күйлеріне ғылыми баға беріп, ноталық жазбаларға түсуіне ықпал еткен – академик А.Жұбанов. Қазақ тарихында тұңғыш ұйымдасқан ұлт аспаптары оркестрінің репертуарына Тәттімбеттің «Қосбасар», «Сарыжайлау», «Сылқылдақ» күйлері енгізілді. Арқа күйлерін осы оркестр құрамына он төрт жасында келген талантты домбырашы - Рүстембек Омаров белсенді насихаттады, онымен бір ұжымда қызмет еткен Жаппас Қаламбаев пен Мағауия Хамзин де Арқа шертпесінің үзіліп қалмауына ересен еңбек еткенін айтуға тиіспіз.
    Арқа күйлерінің нағыз түпнұсқа түрі Әбікен Хасенов арқылы жетті. Бұл мектептің ертеден дамыған киелі сарынын жаңа заманның ызғарына қарамастан (Кеңес дәуірінде шертпе күй «феодализмнің сарқыншағы» деп танылып, тартылуына қатаң тиым салынған, Арқаның талай күйшілері сол зобалаңның кесірінен атылып та кеткен, бұл нәубетті Әбікен де бастан кешті, Сәкен Сейфуллиннің арашасымен аман қалған болатын) келешектің қолына ұстатқан дарынды күйші қазіргі күні Арқа ғана емес, жалпы шертпе өнерінің шыңы болып саналады. Әбікен Хасенов Тәттімбетті түгел тартып, Әбди, Сембек, Қыздарбек, Айдостардың да мұраларын арттағы ұрпаққа тастап кеткен саңлақ домбырашы. Нағыз балбармақ шебер домбырашы Әбікен атамыз өз жанынан да күй шығарған, оның атышулы «Қоңыры» аспаптық музыкамыз тарихындағы теңдессіз туынды боп саналады. Оның әндерді күйге бергісіз шертетіні де бөлек әңгіме, Жаяу Мұсаның «Ләйлім» әнін ғажайып әсемдікпен орындап, оны күйтабаққа жазып қалдырғаны белгілі.
    Арқа мектебінде орындаушылықтың үлкен екі арнасы бар, бірі қоңыр шертпе болса, екіншісі қуатты желдірме күйлер. Осы жағынан қарағанда желдірме күйлерді төкпеге еркін жатқызуға да болғандай, мысалы, Дайрабайдың күйі Арқа мектебіне жатқанмен екпіні мен ырғағы жағынан Атырау мектебінен алыстамайды, мұндай ерекшеліктерді Тоқаның «Бозайғырынан» да аңғару қиын емес.
    Арқа мектебінің басқа мектептерден құрық бойы бір озықтығы «Қосбасарлардың» сән құруында жатыр. Ел ішінде «Қырық буын қосбасар» аталатын күйлер жалпы аспаптық музыкамыздағы біртуар жанр деуге ылайық қазына. Қосбасарлар әркезде әртүрлі жағдаяттарға байланысты шыққан, негізінен мұңды, шерлі күйлер. Қосбасарлар тегінде күйді шығарған адам атымен де аталады (Тоқаның «Қосбасары, Аққыздың «Қосбасары т.б.). Тәттімбет өз қосбасарларына әртүрлі жағдаяттарға байланысты ат қойып тартқаны тарихтан белгілі.
    Арқа мектебінің дамуына Қазақстанның халық әртісі М.Хамзиннің көп еңбег сіңгенін атап өткеніміз жөн. Ол шертпенің жаңаша тартылу үлгісін жасады, ескі күйлердің жібін үзбей отырып, оның сахналық мәдениетінің дамуын жетілдірді, осы салада өз жанынан да көптеген айшық әуезді шертпелер шығарды.
    Арқа күйшілерінің шығармашылығын алғаш зерттеп, ноталық жазбаларын тиянақтаған – Уәли Бекенов, оның «Шертпе күй шеберлері», «Күй табиғаты» атты кітаптары аса құнды ғылыми - әдістемелік еңбектер болып табылады. Зерттеушінің өзі де Арқа күйлерін талдап тартатын сұңғыла шертпеші ретінде қазақтың есінде аты қалды. Тәттімбет күйлерінің жинағы 1988 жылы Е.Үсеновтың құрастыруымен тұңғыш рет жарыққа шықты, 2005 жылы А.Тоқтаған мен М.Әбуғазинның редакциясымен толықтырылып қайта басылды. Тәттімбет тәліміндегі күйлердің толық топтамасын Б.Ысқақов жазып шықты. Бұл еңбекте Тәттімбет күйлерімен қатар оның мектебін құрайтын Арқа күйшілерінің бәрі қамтылған.
    Арқа күйлерін таза меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі, ұзақ жылдар бойы шертпенің насихаты болмады, оны оқыту ісі жүйелі түрде жүргізілген емес, қазіргі музыка мектептерінен бастап консерватория, академияға дейінгі домбыра пәнінің оқытылу үлгісі шертпе күйді толық қамтымайды, негізгі бағыт біржақты төкпе күйдің дамуына бағдарланып отырғаны рас. Соған қарамастан аға буын шертпешілерден үлгі көріп қалған дарынды күйші жастар өсіп келе жатыр, олар мүмкіндігінше түпнұсқаны меңгеруге тырысып бағуда, алайда, саусақ басу, қазақы қоңыржай қағыс дәстүріне тістері батпай жүргені де жасырын емес, оған балалайка мен орыс домрасының жаттығуларымен өскен жат машық кері әсерін тигізген деп түсінеміз.
    Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория қабырғасынан Тәттімбет атындағы шертпе күй мектебі ашылды, оның ашылуына ықпал еткен дарынды күйші-педагог – Біләл Ысқақов. Бұл мектеп жалпы шертпе мәдениетінің Отандық алтын қазығы болып отыр, жыл сайын осы мектептен дәріс алған түлектер ата өнердің атын өшірмей, болашаққа жалғап жүр.
    Арқа мектебінің жалауын жықпай жүрген көзі тірі шеберлер қатарында дарынды домбырашыларымыз – Мұхаметжан Тілеуханов, Дәулетбек Садуақасов, Пазыл Тұтқабеков, Мейрам Ұлмағамбетов, Ахат Байбосынов, Жалғас Садуақасовтар.
    Категория: Уроки музыки | Добавил: карусель (10.05.2014)
    Просмотров: 1052 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 3.5/2
    Всего комментариев: 1
    1 Игембаева  
    Рахмет. Қызықты мақала. Сізге сәттілік.

    Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
    [ Регистрация | Вход ]
    Сделать бесплатный сайт с uCoz Copyright MyCorp © 2024