В помощь педагогу.
Пятница, 26.04.2024, 14:40
Форма входа

Категории раздела
Русский язык и литература [48]
Казахский язык и литература [65]
Английский и немецкий языки [23]
Математика и геометрия [38]
География [22]
Химия [12]
Биология [19]
Физика [4]
История и обществоведение [26]
Физкультура [25]
НВП, ОБЖ [3]
Самопознание [12]
Технология [17]
Начальная школа [77]
Дошколёнок [28]
Школьный психолог [18]
Уроки музыки [20]
Компьютеры и информатика [15]
Классному руководителю [17]
Директору и завучам [1]
Школьная библиотека [2]
Регистрация
Полезные сайты
  • Сайт "Учительский мир"
  • Мини-чат
    300
    рек
    Статистика

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0
    Наш опрос
    Кто посещает наш сайт?
    Всего ответов: 227
    Опрос
    Кто посещает наш сайт?
    Всего ответов: 227
    Часы
    Block title
    $MYINF_990
    вам
    Курс валют
    Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
    Погода
    Астана
    Время жизни сайта
    Поиск
    Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz


  • Приветствую Вас Гость | RSS
    Каталог статей
    Главная » Статьи » Предметы и уроки » Уроки музыки

    Күй құдіреті
    Күй құдіреті
    Қазақ ән десе, күй десе ішкен асын жерге қойған дархан халық қой. Осынау көдесіне күй, жусанына жыр тұнған дархан даламызды ән-жырымен тербеткен небір абыз бабаларымыз өткен. Ел аралап күнімен-түнімен ән айтып, талай таңды таңға ұрып тоқтаусыз термелеткен бабаларымыздың болғаны да сізбен бізге мәлім. Қасиетті қара домбыраның перне көмейінен періштенің лебізіндей үн төккен ұлы халықтың ұрпағымыз біз! Бұл бірінші жазбамда күйшілік өнер туралы айтқым келіп отыр. Атадан балаға жалғасып, көзінің қарашығындай сақтап, қаймағы бұзылмай жеткен киелі һәм қасиетті қазынамыздың бірі ол – күй. Күй сөзі қайдан шыққан дегенге келер болсақ бұл туралы этнограф Ерік Көкеев еңбектерінен табуға болады. Ғалымның пікірінше «том» деп түюлі жұдырық немесе қолдың саласы айтылыды. Кейіннен бұл түбір ұяңданып « домға» айналған, «быра» тіркесі бір нәрсені шерту, тарту, дыбыс шығару деген мағына береді-мыс. Яғни домбыра сөзі «қолдың саласымен немесе бес саусақпен шекті шерту» деген мағына береді.Кейбір деректерде «домбыра» сөзі арабтың « дунбаһи бурра» тіркесінен, яғни «қозы құйрық» деген сөзінен қалыптасқан деген долбар әңгіме бар. Бұлай дегенде шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетіндігін негізге алған болуы керек. Құдайберген Жұбанов өз еңбегінде «күй» сөзіне мынадай пікірін білдіреді:
    « Қазақта «күй» түрінде айтылатын шағатай, ұйғыр тілдерінде, анатоль түрік тілінде «көк» болып айтылуы тиіс. Қазақтың «и» дыбысының бір қатары шағатай тілінде, ескі ұйғыр тілінде, түркімен, әзірбайжан, анатоль түріктерінің тілінде к, г-ге айналады. Қазақша «байламақ» деген сөз оларша «бағламақ» болады; қазақша «тимек» деген сөз оларша «текмек» болады… сондықтан «күй» деген сөз оларда «көк» болуы табиғи нәрсе», — дейді. Сондай-ақ Ақселеу Сейдімбек те осы пікір жайлы « Күй деп басталатын қай сөздің де сезіммен астасып жатыр. Сол сөз көшпенділердің ең киелі сезімі – тәңірлік наным сеніммен ұштасып жатады. Демек, «күй» деген сөз әу баста Тәңірлік құбылысты білдірген. Тәңірдің дыбысы деген сенімдегі мағынамен шендес болғаны аңғарылады», — деп Құдайберген Жұбановтың пікіріне қосылған.
    Қазіргі кезде еліміздің әр өңірінде бұрыннан қалыптасқан күйшілік мектептер бар, атап айтсақ: Арқа мектебі, Жетісу мектебі, Маңғыстау мектебі, Қаратау мектебі, т.б. Негізі, адам деген бір нәзік жаратылыс қой, ә? Сәл жаныңа жылы тиетін нәрсені көрсең я сезсең жан-жүрегің елжіреп қоя береді. Біреулер айтып жатады ғой, «қазақ десе көз алдыма қыран елестейді, қазақ десе көз алдыма Аспан елестейді деп». Ал менің көз алдыма ұлан-ғайыр атырап, сайын дала елестейді. Өзімді осы даланың саңлағымын деп есептеймін. Ал тоғыз пернелі домбыра даланың сұлу да кербез, асқақ һәм тәкаппар, шексіз де шетсіз көрінісін киелі күй ғана бере алады…
    Жазбамның тақырыбына өзек болған Қаратау мектебінің көрнекті өкілі, күйші Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйі. Неге екенін қайдам, осы күйді тыңдағанда ішімде бір алапат жарылыс болады, кеудемді әлдебір мұң тербеп, көңілімді күрсініс билеп, жан-дүнием елжіреп, жылап қояды… Енді осы күйдің шығу тарихы жөнінде мәлімет бере кетсем. 1969 жылы қазақтың талантты күйші-композиторы Төлеген Момбековтың асыл жары Пернеш қайтыс болып, Райхан, Қызжан, Дана, Гүлжан, Салтанат атты бес қызымен, Қайрат атты бір ұлымен артында қалған Төкеңе бұл қаза қатты батады. Жан күйзелісіне толы осы жылы өмірге бірінен соң бірі төрт күй келеді. Сол кезде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істейтін Төлеген бір күні жұмыстан шаршап үйіне келсе, Қайраты төрт жасар Салтанат деген қызын жылатып қойыпты. Сонда Салтанат біраз жыл өтсе де, өлген шешесін ұмытпай: «Апама айтам» деп жылайды. Осы сөзді құлағы шалып қалған күйшінің көңілін мұң тербеп, қатты толқиды. Қызын жұбатып отырып: «Қайтемін, жаным-ау» деп қосыла жылайды. Сосын сүйеніші де, жұбанышы да болған домбырасын сабалай береді. Ертеңіне жаңа күй шығады. Күйдің атын «Салтанат» деп қояды. Бұл шығармада тұрлаусыз жалған да, зулап өткен бақытты шақтар да сәби жүрегінің анаға деген зарлы сағынышы да баянсыз бес күн тірлік те жүректен шығып, әр жүрекке жете орындалады.
    Дәл осы сезім сізді де тербейді, сіздің де жаныңызды елжіретеді деп ойлаймын. Жүректің нәзік қылын шерткен ерке самала «күй құдіреті» деген осы шығар…
    Домбыра сен айтып берші,
    Тілімнің байланғанын-ай…
    Музыка аспаптарында орындалатын шығармаларды аспаптық музыка деп атайды. Қазақтың домбыра, қобыз, сыбызғы, шертер сияқты ұлттық музыкалық аспаптарында орындалатын әуен-саз күй деп аталады. Бізге жеткен ең көне күйлер – күй атасы Қорқыттың шығармалары. Күй – бағдарлы мазмұны бар, көркемдігі жоғары аспаптық жанр. Онда табиғат құбылыстары («Алатау», «Саржайлау», «Көбік шашқан»), тарихи оқиғалар («Ел айырылған», «Жеңіс»), халық мерекелері («Тойбастар», «Балбырауын»), жан-жануарлар («Аққу», «Қоңыр қаз», «Көкала ат»), аңыз-ертегілер («Мұңлық-Зарлық», «Қос мүйізді Ескендір»), жеке адамдар («Байжұма», «Абыл»), адам сезімдері («Қуаныш», «Сағыныш»), т.б. түрлі оқиғалар мен құбылыстар суреттеледі. Күйлер тақырыбы мен мазмұнына қарай аңыз-күйлер, тартыс күйлер, тарихи күйлер, арнау күйлер, лирикалық күйлер, психологиялық күйлер болып жіктеледі. Қазақтың аспаптық музыкасы ХVІІІ ғасырдың соңында жоғары деңгейге көтерілді. Бұл кезде Байжұма, Баламайсан, Есжан, Байжігіт, Ұзақ, Боғда, Махамбет сияқты күйшілердің атағы халыққа кеңінен мәлім болды. ХІХ ғасырда ежелгі күйшілік өнердің одан әрі өрістеп дамуына Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Тоқа, Абыл, Есір, Ықылас, Байсерке, Қазанғап, Сейтек, Дина, Сүгір сияқты күйшілік өнердегі ірі тұлғалар елеулі үлес қосты. Домбыра күйлері орындалу мәндері мен құрылымдылық ерекшеліктеріне қарай төкпе және шертпе деп аталатын екі үлкен түрге бөлінеді. Төкпе күйлер тұрақты екпін мен өлшемде, оң қолдың тұтас сілтенуімен орындалады. Ал шертпе күйлер көбінесе жалғыс дауысты болып, оң қол саусақтарының ұшымен орындалады. Қазақтың ең көне күйлерінің көпшілігі – қобыз күйлері. Ежелгі түркі тектес халықтарда қобыз күйлері жыраулар өнерінен бастау алады. Жыраулар жырды қобызбен сүйемелдеп отырған. Қобыз күйлерінде бұрынғы бақсы сарындары да көп кездеседі. Бұл өнерді дамытуға Кетбұға, Кербала, Айрауық, Көккесене, Ықылас және Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев сынды ұлы күйшілер зор үлес қосқан. Қазақтың ежелгі аспаптық музыкасы аса бай көркемдік тереңдігімен ерекшелігімен , рухани мәдениеттің құнды қазынасы ретінде ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек. Қазақтың халық аспаптық музыкасының бүгінгі күнге жетуіне атақты домбырашылар Дина Нүрпейісова, Оқап Қабиғожин, Науша және Махамбет Бөкейхановтар, Лұқпан Мұхитов, Қали Жантілеуов, Ғылман Хайрошев, Төлеген Аршанов Смағұл Көшекбаевтардың сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Домбыра – қағып, шертіп ойнайтын ішекті музыкалық аспап. Қазақтың ән-күй орындаушылық дәстүріне байланысты домбыра аспабының бірнеше түрі бар, олардың тек сырт пішіні ғана емес, ішек және перне саны да әр қилы болып келеді. Қазір домбыраның екі түрі кездеседі. Негізінен 2 ішекті болып келеді. 3 ішекті домбыралар да бар. Қазақстанның батыс өңірі, Арқа мен солтүстік-шығыс өңірлерінің домбыралары ел арасында көп пайдаланылады.
    Күй – қазақтың жансерігі, мұңдасы, сырласы. Күйдің ғажаптығы сол – ол өзің бастан кешіріп отырған өмірдің мән-маңызын ұқтырады. Күй ойға жетелейді. Адам боп өмір сүруге, жақсылыққа, ізгілікке ұмтылдырады. Күй тыңдап, күйді түсінген пенде жамандыққа, арамдыққа бара алмайды. Күй құдыреті деген осы.
    Қазақ жері – кең байтақ. О шеті мен бұ шетіне жету үшін ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның аяғы талады. Ертеректе елді мекендердің арасында бүгінгідей тығыз қарым-қатынас, берік байланыс болмады. Осының өзі әр өңірдің күйшілік дәстүрі мен мектебін қалыптастырды.
    Еліміздің батыс өңірінде төкпе күй кеңінен қанат жайды. Мәселен, Құрманғазының «Сарыарқасы» мен «Адайын» алайық. Нағыз төкпе күй осылар. Аталған шығармаларды тыңдағанда бойды ерекше сезім кернейді. Ұланғайыр қазақ даласы көз алдыңа елестейді. Желмен жарыса жүйткіген жылқылар. Ат үстіндегі қолын сермей жүзі жайнап бара жатқан бала. Шаттық. Қуаныш. Асқақтаған көңіл-күй. Әлгінде тілге тиек етілген күйлер сізге осындай жарқын сезім сыйлайды. Мұндай күйлердің қасиеті сонда – бойға күш-қуат қосады, қайрат-жігер береді, аруақтандырады.
    Құрманғазы туған халқымен қоян-қолтық, тығыз араласып өмір кешкен өнер иесі. Халықтың мұңы, арман-тілегі оны да бей-жай қалдырмады. Отаршылдардың қиянатын, қорлық-зомбылығын көрді. Қазаққа азаттықтың, бостандықтың тезірек келуін күтті. Оның «Кісен ашқан», «Көбік шашқан», «Аман бол, шешем аман бол», «Кішкентай»… күйлері сол уақыттағы заман тынысын паш етеді. Исатай бастаған халық көтерілісін өзек еткен «Кішкентай» алғашқы бөлімінде мұңға батырса, екінші бөлімінде өрлік, өжеттік екпіні сезіледі. Бұл бір жағынан қандай да кедергілерден қаймықпайтын халық күшін, халық қуатын аңғартса керек. Күй – өмір, күй – тағдыр дейтінімізге бұл айқын дәлел.
    Шертпе күй болса елдің шығысынан, Арқа жерінен бастау алып оңтүстікке тарайды. Шертпе күй сөз болғанда алдымен аузымызға Тәттімбет аты алынады. Тәттімбет күйлері сырлы сезімге, тебіреніске, толғанысқа толы. Тәттімбет күйлерінің тақырыптары сан қырлы. «Қашқан қалмақ», «Ноғай – қазақ», «Азамат Қожа», «Бес төре» ел ішіндегі нақты оқиғаларға арналса, «Бозторғай», «Қара жорға», «Салқоңыр», «Алшағыр» күйлерінде күй аттарынан көрініп тұрғандай құстарды, жануарларды арқау етеді. «Былқылдақ», «Сары өзен», «Шайыр қалды», «Сары қамыс» туындылары табиғатты, табиғат құбылыстарын сипаттайды. Тәттімбеттің қай күйінің де алар орны ерекше. Олардың әрқайсысы үлкен толғаныспен, шынайы сезім арқасында өмірге келген. Солардың бірі «Бес төре» – бай-шонжарлардың зұлымдығын, озбырлығын көрсеткен мағынасы терең күй. «Сылқылдақ» болса бейнебір махаббат жыры іспетті. Қыз бен жігіттің әдемі отырысы, бір-біріне еркелей үн қатуы, жайдарылық, ойнақылық аңғарылады. «Қосбасарда» да әдемілік, сұлулық үйлесім тапқан. Бұл күйдің бірқатар күйшілерге ұнағаны соншалық, олар да осы сарынның желісімен «Қосбасар» атты күйлерді өмірге әкелді. Біз «Батыстың күйшілік дәстүрі», «Шығыстың күйшілік мектебі» деп бөлгенімізбен бұл күйлердің бір-бірінен аса бір таңданарлықтай, жер мен көктей айырмашылығы, өзгешелігі болмаған. Күй – сезім туындысы. Сезім «тілі» кім-кімге де, онда да қазаққа әбден түсінікті. Тіпті, елдің әр өңірінде тіршілік етіп жатқанымен домбыра қағыстарында, күй орындауларында ұқсастықтар, жақындықтар болған. Бұл сөзімізге Арқаның шертпе күйлері мен Қаратау шертпелерін мысал ретінде келтіруге болар еді. Жердің шалғайлығына қарамастан той-томалақта, өлім-жітімде, елдік маңызы бар басқосуларда өнер иелерінің, домбырашылар мен күйшілердің бастары қосылып отырған. Оларға қазақтың қай жері де, қандай тұлғалы азаматы да ыстық көрінген. Бар ғұмырын батыс өңірінде өткізген Құрманғазы «Сарыарқа» атты ғажап күйді туған халқына тарту етті. Сондай-ақ көбіне жылы жақты қоныс еткен Ықыластың Арқадағы атақты Ерден Сандыбайұлына күй арнауы да осы сөзімізге кепіл.
    Қазақтың күй өнері туралы сөз қозғағанда Ахмет Жұбановты айтпай кету мүмкін емес. Ол қазақ күйлерін зерттеп, ұлттық өнер ретінде қалыптастыруда елеулі еңбек сіңірді. Күйді нота арқылы оқып-үйренудің негізін қалады. Оның домбырашылардың басын құрап, ұлт оркестрін құруы қазақ өнеріндегі ірі оқиға болды.
    «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жинағына халық күйлерінен басқа 140 күйшінің шығармалары енгізілген. Күйшілердің басында ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген Кетбұға тұр. Қазақ Кетбұғаны Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы ханның есімімен байланыстыра айтылатын әйгілі «Ақсақ құлан» күйі арқылы біледі. Жошының үлкен баласы аңға шығып, қаза болғанда бұл өлімді Кетбұға күйі арқылы ханға жеткізеді. «Кімде кім баламның қайғылы хабарын естірсе, соның көмейіне қорғасын ерітіп құямын» деген хан домбыраның көмейіне қорғасын құйыпты деген аңыз бар. Содан бастан домбыраның көмей тесігі пайда болған деседі.
    Қазір заман өзгерді. Шет елдермен байланысымыз артып келеді. Батыс музыкасы төрімізге шықты. Осындай сын шақта ескі замандардан келе жатқан, ұлттығымызды танытатын, бойымызға ұлттық рух беретін ұлттық өнерімізден, онда да күй өнерінен қол үзіп қалмау – зор міндет. Олай болса Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолға алған игі ісі жан жадыратады, көңілге шуақ құяды. Көпшілікке ұсынылып отырған 1000 күйді жүзден астам домбырашылар орындайды. Олардың арасында Дина, Әбікен Хасенов, Қали Жантілеуов, Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаев, Мағауия Хамзин, Генерал Асқаров, Төлеген Момбеков бар. Күйлердің «Домбыра күйлері», «Қобыз күйлері», «Сыбызғы күйлері» деген атпен жіктеліп, «СД» дискіге жазылуы да – өнерге, күйге құштар қауымға үлкен сыйлық.
    Күйге деген құмарлықтың, ынтызарлықтың нышаны сол – ол әулеттен әулетке жалғасып, отбасылық дәстүрге айналған. Бұған мысалдар көп. Соның бірі ретінде жоғарыда Мағауия Хамзинді сөз еттік. Бұл дәстүрдің көрінісін қазіргі уақытта да байқауға болады. «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жинағында домбырашы үш Жүзбаевты кездестіресіз. Олар әкелі-балалы Жүзбаевтар. Әлімхан Жүзбаев 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Қарабұлақ ауылында туған. Алғаш домбыраны Сүгірмен көрші тұрған әрі шәкірті болған немере ағасы Сейітханнан үйренеді. Әлекеңнің тағы бір ұстазы Сүгірмен қатар өмір сүрген Сатыбалды күйші. Әлімханның балаларының бірі Жанғали жоғары білімді, талантты күйші. Ол Жезқазған музыка колледжін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Ол өз әкесін айтпағанда Төлеген Молдабековтен, Генерал Асқаровтан тәлім алған. Жанғалидың өзге әріптестерінен ерекшелігі Қаратаумен қатар, Арқаның күй дәстүрін меңгерген майталман. Сәрсенғали да жоғары білімді, ұлттық консерваторияны тәмамдаған, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде қызмет атқарды. Ол да Қаратау мен Арқа күйшілік мектептерінің өкілі.
    Қазақ күйден ажырамауы тиіс. Қайта дамыта берген ләзім. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары аудан орталығын айтпағанда әр ауылдың, әр мектептің өз домбыра оркестрі болатын. Осы дәстүрден айрылып қалғандаймыз. Бұл өнегелі іс қайта жаңғыруы қажет. Ұлттық сана, ұлтты сүю, қадірлеу бабаларымыз аманат етіп кеткен дәстүрден, өнерден бастау алатынын ұмытпағанымыз абзал. Сол қасиетті өнеріміздің бір тармағы, құдыреттісі – күй өнері.
    Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов кезінде «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген. Күйге бұдан артық баға беру де қиын.
    Толғаулы, сырлы өнеріміздің көсегесін көгертіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра беру – мерейлі парыз.
    Категория: Уроки музыки | Добавил: Сайра (13.12.2017) | Автор: Сайра E
    Просмотров: 1473 | Рейтинг: 0.0/0
    Всего комментариев: 0
    Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
    [ Регистрация | Вход ]
    Сделать бесплатный сайт с uCoz Copyright MyCorp © 2024